2025 жылдың 22 мамырында кемеңгер ғалым және құрметті ұстаз –Кармель Камилович Тохтибакиев қайтыс болды.
Тохтибакиев Кармель Камилович 1951 жылы 17 наурызда ҚазКСР Алматы облысы Ұйғыр ауданы Кетмен ауылында дүниеге келген. Ол бес ағасы мен екі қарындасы бар үлкен шаруа отбасында өсті. Сол жерде бастауыш мектепке түсті. Ол өмір бойы отбасына деген ілтипаты мен қамқорлығымен ерекшеленді, оның бойына адамгершілік асыл қасиеттер – қарапайымдылық пен табандылықты сіңірді. Мектепте жаратылыстану пәндеріне деген зейінділігімен ерекшеленді. Ұйғыр ауданының аудандық орталығы - Шонжы ауылында орта мектепті үздік бітірген. Ол кезде Кармель Камилович сымбатты болатын, әдемі шашы, гусар мұрты және сүйкімді күлкісі бар еді.
1969 жылы Кармель Камилович В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына «Электр жүйелері мен желілері» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 5 жылдан кейін 1974 жылы инженер-электрші мамандығын алды. Еңбек жолын сол жылдың тамыз айында Бүкілодақтық мемлекеттік жобалау-іздестіру және ғылыми-зерттеу институтының Ортаазиялық бөлімшесінің қазақ кешенді жобалау бөлімінің (КЖБ) базасында құрылған «Энергосетьпроект» институтының (Алматы қ.) қазақстандық бөлімшесінде бастады. Инженер лауазымында жұмыс істегеннен кейін ол ғылыми қызметкер лауазымын, ал кейіннен Қазақстанның электр энергетикалық жүйелері секторының меңгерушісі лауазымын алды. «Энергосетьпроект» институтының ұсынысы бойынша ол Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық Электр энергетикасы ғылыми-зерттеу институтының (БЭҒЗИ) аспирантурасына сырттай түсті.
«Энергосетьпроект» жұмысымен қатар Кармель Камилович ғылыми-зерттеу қызметімен белсенді айналысты және 1983-1987 жылдар аралығында апатқа қарсы автоматика құру және энергетикалық жүйелердің тұрақтылығын сақтау тақырыбында диссертация жазды. Диссертацияны сәтті қорғағаннан кейін БЭҒЗИ (Мәскеу қ.) 1989 жылы оған техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді.
24 жыл «Энергосетьпроект» жұмыс істегеннен кейін және оның инженер-электршілердің келесі ұрпақтарына айтары бар екенін түсінгеннен кейін, 1998 жылы Кармель Камилович Алматы энергетика және байланыс институтына (АЭБИ) «Электр жүйелері мен желілері» кафедрасының доценті лауазымына қабылданды. 2001 жылдың сәуірінде оған доцент академиялық атағы берілді. 2023 жылдың тамыз айында Кармель Камиловичке Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің (АЭжБУ) еңбегі сіңген профессоры құрметті атағы берілді.
Энергетика саласында тәжірибелік және ғылыми-зерттеу жұмыстарында айтарлықтай тәжірибесі бар Кармель Камилович студенттерге мынадай күрделі пәндерден сабақ берді: «Электр жүйесіндегі электр магниттік және электр механикалық өтпелі үдерістер», «Жобалау», «Энергетикалық бірлестіктердің режимдерін диспетчерлендіру және басқару». Табысты академиялық қызметтің ұзақ кезеңінде Қазақстан Республикасының энергетика саласы үшін 300-ден астам маман, 50-ге жуық магистрант және 5 докторант даярлап шығарды. Ол сондай-ақ ұлы Равиль мен қызы Заринаны өзінің туған Университетінде электр энергетикасы мамандықтары бойынша оқытты.
Өзінің туған кафедрасындағы академиялық қызметімен қатар Кармель Камилович Қазақстанның энергетика секторы үшін аса маңызды жобаларды орындай отырып, ғылыми-зерттеу қызметімен айналысуды жалғастырды. АЭжБУ-да жұмыс істеген жылдары ол бір мезгілде «Зияткерлік электр энергетикалық жүйелер» тақырыптық ғылыми-зерттеу зертханасын басқарды. Бұл жерде оның шәкірттеріне ұлтына, шыққан тегіне қарамастан өз білгенін тынбай үйреткен шыдамдылығы мен тектілігін атап өткен жөн.
Соңғы онжылдықтарда Кармель Камилович қалжырататын ауруына қарамастан, «Электр энергетикалық жүйелер» кафедрасында зерттеуші профессор және «Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті» КеАҚ-да «Smart Power Grid» ғылыми-техникалық орталығының басшысы лауазымын қоса атқарып, ерше жұмыс істеді.
Кармель Камилович нағыз көрнекті ғалым болды және елдің электр энергетикасы саласының объектілеріне енгізілген бірқатар ғылыми және инновациялық шешімдерді әзірледі. Осы ұлы ғалымның ғылыми-зерттеу қызметінің технологиялық және экономикалық әсері Қазақстанның БЭЖ электр энергетикалық жүйесінің сенімділігі мен экономикалық тиімділігін бірнеше есе арттыру арқылы бағаланады. Өзінің ғылыми қызметі үшін Кармель Камилович 70-тен астам ғылыми жобалардың авторы болды, олардың ішіндегі ең маңыздыларына мыналар жатады:
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің іргелес мемлекеттерімен электр энергиясының мемлекетаралық ауысымдарын бақылау мен есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (ЭКЕАЖ). Жоба 2009 жылы енгізілді және электр энергетикасы жүйелерінің параллель жұмысы туралы шарт шеңберінде өткізілетін электр энергиясын есепке алудың 100-ден астам торабын қамтыды. ҚР ҚМ КБК ЭКЕАЖ жобасы Еуразиялық экономикалық одақ пен ТМД-ға мүше мемлекеттерде танылды. Қазіргі уақытта ЭКЕАЖ деректерін, оның ішінде Қазақстан Республикасының салық органдары да пайдаланады.
«Аварияға қарсы автоматиканың орталықтандырылған жүйесін (ААОЖ)» құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу. 2020 жылдан бастап «KEGOC» АҚ енгізілді. Бұл жоба Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесін аварияға қарсы басқарудың сенімділігін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді.
«Жиілік пен қуат ауысымдарын реттеудің автоматты жүйесін (ЖҚАР)» құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу. 2020 жылдан бастап «KEGOC» АҚ енгізілді. Бұл жоба алғаш рет отандық электр станцияларын нақты уақыт тәртіптемесінде қуат пен жиілік ауысымдарын реттеуге қосуға мүмкіндік берді.
WAMS синхрофазорлық өлшеу негізінде алгоритмдерді әзірлеу және WACS автоматикасын құру бойынша техникалық-экономикалық зерттеулер. 2021 жылдан бастап «KEGOC» АҚ енгізілді. Бұл жоба «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің өткізу қабілетін 12%-ға немесе 250 МВт-қа арттыруға мүмкіндік берді, бұл тұтынушыларды Қазақстанның БЭЖ оңтүстік аймағының тұтынушыларын, әсіресе күзгі-қысқы кезеңде электр қуатпен қамтамасыз етудегі маңызды жетістік болып табылады.
Бұл жобалар Қазақстанның «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік даму бағдарламасына енгізілген.
Сондай-ақ, Кармель Камилович Қазақстан БЭЖ мен Орталық Азия БЭЖ-нің 2030 жылға дейінгі бірлескен даму тұжырымдамасын әзірлеудің авторы болды. Бұл зерттеу Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет орындалды.
Кармель Камилович Қазақстанның өңірлік электр желілік компанияларын (ӨЭК) назардан тыс қалдырмады. Оларда электр қуатының жоғалтуын төмендету бойынша жобалар әзірленіп, сәтті енгізілді. Олардың ішінде:
Табиғи монополиялар саласында көптеген жылдар бойы Кармель Камилович электр қуатын жоғалтудың нормативтік деңгейін бағалау бойынша сарапшы ретінде қызмет етті. Жұмыс барысында келесі компанияларға техникалық сараптама жүргізілді:
«KEGOC» АҚ;
«АлатауЖарықКомпаниясы» АҚ;
«Атырау-Жарық» АҚ;
«Батыс Қазақстан АЭЖК» АҚ;
«Ақмола ЭҮК» АҚ
«ҚазТрансОйл» АҚ;
«Көкшетау Энерго» АҚ;
«Маңғыстау ӨЭК» АҚ;
«Жамбыл электр желілері» ЖШС;
«Қаныш Сәтбаев атындағы канал» РМК;
«Костанайский Энерго Центр» ЖШС.
«Қазақстан Темір Жолы ҮК» АҚ
Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша ғылыми жобаларды орындау бөлігінде ең маңызды жобалар:
Белсенді-бейімдеу желісін құру базасында Қазақстанның ҰЭЖ электр желілерінің өткізу қабілетін және басқарылуын арттыру. «KEGOC» АҚ-ға енгізу;
ЖЭК бар автономды жүйелерді қамтитын мұнай-газ кешендерінің электр желілерінің тәртіптік сенімділігін бақылау мен болжаудың зияткерлік жүйесі. «Маңғыстауэнергомунай» АҚ-ға енгізу.
ХХІ ғасырдың басында, елдің электр энергетикасы саласын қайта форматтау қажеттілігі туындаған кезде, Қазақстан Республикасының электр энергетикасындағы нарықтық қатынастарды одан әрі дамыту Тұжырымдамасын әзірлеуге қатысты. Т.ғ.к., профессор Ғұмарбек Жүсіпбекұлы Дәукеевтің жетекшілігімен және т.ғ.к., профессор Алмас Аусыдықұлы Жакуповпен бірлесіп тиімді тарифтік саясатты қалыптастыру жөніндегі ғылыми-зерттеу жобаларына қатысты.
Ғылыми жобаларды орындау кезінде Кармель Камилович әрқашан өз жұмысы үшін жауапкершілікті алып, жобаның ғылыми жетекшісі немесе бас инженері ретінде қызмет етті. Ол әрдайым түпкі мақсаттарға қол жеткізуде және күрделі жобаларда тапсырмаларды орындауда кәсіби және ақылақтық төзіммен, сондай-ақ жастармен және университет қызметкерлерімен командада жұмыс істеу қабілеті мен дарынымен ерекшеленді.
Күрделі жағдайларда ерекше шешімдерді табу қабілеті үшін ірі электр желілік компаниялардың («KEGOC» АҚ, «Атырау-Жарық» АҚ, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ және т.б.) басшылары Кармель Камиловичті құрметтеді және бағалады, бұл жылы кәсіби пікірлермен және сансыз алғыстармен расталады.
Жұмыс істеген жылдары Кармель Камилович атқарған жұмыстары үшін еңбегіне лайық ресми алғыстар алды. Осындай маңызды салалық марапаттардың қатарында: «Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі» және «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ТМД Электр энергетикалық кеңесінің құрметті энергетигі» атақтары, сондай-ақ елдің энергетикалық жүйесінің игілігі үшін көп жылғы жұмысы үшін «Еңбек ардагері» медалі бар.
Бүгінде Қазақстанның энергетика саласында жүздеген мамандар, магистранттар мен докторанттар еңбек етіп, Кармель Камиловичті өз ісінің нағыз ұстазы және кәсіпқой маманы ретінде ризашылықпен еске алады.
Ол бүкіл өмірін Қазақстанның электр энергетикасына және осы салаға мамандар даярлауға арнағанына қарамастан, ол әрқашан достықты бағалап, туыстары мен жақындарын қолдады.
Құрметті ұстаз, Сіз әрқашан біздің жадымызда ақкөңіл, адамгершілігі мол және үлгілі адам болып сақталасыз! Отбасыңызға, туыстарыңызға және жақындарыңызға шын жүректен көңіл айтамыз!!!
Ізгі құрметпен және ризашылықпен, шәкірттер Джексенбинов Д.Ж. – «Кристалл Менеджмент» АҚ электр қуатын сату жөніндегі менеджері, Саухимов А.А., PhD – «KEGOC» АҚ ҰЭЖ дамыту жөніндегі басқарушы директор, Бектимиров А.Т., «АЭжБУ» КеАҚ PhD - аға оқытушысы, Голубина А.Ю.-«СМНУ-70» АҚ инженер-экономисті (РФ).
Энергетика
Мұғалімдер
Сілтемені көшіру